Қадір түнінің қасиеті

Ахметжан қажы Керімбек,

Шымкент қаласы өкіл имам орынбасары,

Әл-Фараби ауданы бойынша бас имамы

ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Алланың атымен!

Барлық мақтау күллі әлемдердің Раббысы Аллаға тән!

Қадір түні — араб тілінен аударғанда «ләйләтул-қадір», яғни «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар, Ислам ғұламалары бұл түннің тағы бірнеше мағынасынан хабардар еткен. Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің үш мағынасы бар екенін келтіреді.

Біріншіден, «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Құран Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», — деп бұйырылған. Осыған байланысты Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін түсінеміз. Бұл жердегі «тағдыр» ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі. Ибн Кәсир осы аятты дәлелге ала отырып, Қадір түні «Үкім түні» мағынасын береді дегенге келтіреді. Исламның тағы бір көрнекті ғалымы Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – дейді.

Бұл түннің тағы бір мағынасына «абырой, бедел» ұғымын жатқызады. Яғни, қадір түнінің салмағы мың айдан да қайырлы болғандықтан, ұлық және аса қадірлі һәм аса жоғары дәрежеге ие болады. Себебі Құранда: «Қадір түні мың айдан да қайырлы», — деп баяндалады.

Ғалымдар, «Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын да береді деп топшылаған. Құранда: «Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», — деп баяндалғандықтан, ғалымдар «қадір» сөзі «тарылу» мағынасын да білдіреді деп те жорамалдаған.

Бұл түннің нақтылығын сөз етсек, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер»,- деп нұсқағандықтан, нақты қай уақыт екені беймәлім. Ол жайында ғалымдар арасында көптеген пікірлер айтылады, дегенмен, олардың барлығы Қадір түнінің Рамазан айының соңғы он түндерінің бірінде екендігіне бірауыздан келіскен.

Әнас ибн Мәлік (р.а.):«Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтты:«Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал, оның барлық игілігінен тек нағыз мақұрым адам ғана айырылып қалады!»- деген.

Ғалымдар «Мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түндерінің барлығын құлшылықта өткізулері үшін бұл түнді жасырып қойған» деген көзқарасқа сүйенеді.

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын амалдарды тізімдеп келтіреді: Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасау; Құран Кәрімді оқу, тыңдау, түсінуге ынта қою, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, оның шапағатынан үміттену, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құру, тәубе етіп, кешірім тілеу, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша кірісу керек. Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз, осы құлшылықтардың барлығы Алланың қалауымен сауапқа кенелтетін әрекеттер болмақ.

«Кім Қадір түнін Алланың сауабына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» дейді, Расулаллаһ (с.а.с.). Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғанын білсем, не айтуым керек?» деп сұрағанда, «Уа, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт», – деп үйретеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде сахабаларға Исрайыл әулетінен бір кісінің мың ай бойы ат үстінде Алла үшін жиһад еткенін айтады. Сонда сахабалар:«- Біздің ғибадатымыз ол кісінің жанында түкке тұрмас»- деп мұңайысып қалады. Осы кезде , Жәбірейіл түсіп: «- Мұхаммед, үмбетің сен айтқан адамға таң қалысып отыр. Бірақ, Алла тағала оларға бұдан да қайырлысын берді», – деп, «Қадір» сүресін оқып береді.

Меккеде түскен бес аяттан тұратын «Қадір» сүресінде, бұл түннің мың айдан да артық мүбәрак екендігі және сол түні періштелер Хақ тағаланың рұқсатымен оның белгіленген әрбір ісі үшін түсетіні, сондай-ақ, таң бозарып атқанға дейін сол түн бейбітшілік нұрын шашқан түн болатындығы айтылады. Періштелердің көп болатыны хадисте де кездеседі: «Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады». Періштелер мұсылман үмметін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады.

Мың айымыз шамамен алғанда сексен үш жыл болса, бір түнде жасаған құлшылығыңыз сексен үш жыл бойына жасаған құлшылығыңызбен тең болмақ. Яғни, мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, дұға етсе, жауынның тамшыларының молдығындай сауапқа ие болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Кімде-кім шынайы сеніп, тек қана Аллаһ разылығы үшін Қадір түнінде тұрып, сол түнде құлшылық жасап бағалай білсе, өткен күнәлары кешіріледі» дейді. (Бұхари)

Бұл түнде Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына дұғасын көп қайталап айту да өте қажет. «Аллаһумма иннәкә ъафуун тахиббул-ъафуа фаьфу ъанни», «Аллаһым! Сөзсіз, сен кешірімдісің. Кешіргенді жақсы көресің. Ендеше, мені кешір». Қадір түні түнімен құлшылық жасай алмайтындарға ең болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керектігі де айтылады. Өйткені бұл түні жасалатын дұғалардың қабыл болатынына деген нық сенім бар.

Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның, сол түні түсе бастауында жатыр. Ибн `Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден «сақтаулы тақтадан» (ләухул-махфуз) «бәйтул-иззаға» (Ұлылық үйі) деп аталатын, көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді. Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал бұдан кейін Алла Құранды Өзінің Пайғамбарына (с.а.с. )Жәбірәйіл (ғ.с.) періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты)  жиырма үш жыл бойы түсірді».

         Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп сол білгендерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне күш-қайратын жұмсауы қажет. Әрине, бұл түндері әрбір мұсылман Қадір түні жасаған құлшылықтары үшін уәде етілген ұлы сыйын алады.

Қадір түні адамзат баласының келешегі үшін аса қадірлі һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды меңзеген.  Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің жұмағына жетелейтін рақым жолы болмақ.

Редакция жайлы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Редакцияның барлық жазбасын көру →

Комментарии: