ОРАЗА АЙТ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

2019 жылдың 05  маусым – Ораза айттың бірінші күні!

 ОРАЗА АЙТ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

            Баршамызды Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақтар болсын!

             Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!

  Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша отандастарымды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.         

Бір ай бойы оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Баршасына «Алла разы болсын» дегім келеді.

«Айт» сөзі «мереке» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.

          Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат.

         Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басын сипап, өзгелерге жылы шырай таныту, ол да – садақа.                 

Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.а.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. 

Ораза айтта отбасымызды шаттыққа бөлеп, ағайынға сыйлық берудің де маңызы зор.

Биылғы жылы айт намазы қала бойынша 05 маусым күні сағат: 07.00-де оқылады.

Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз баянды болғай! Әмин!

 Бақтыбай қажы Бейсенбаев,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының
Шымкент қаласы бойынша

өкіл имамы

Редакция жайлы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Редакцияның барлық жазбасын көру →

Комментарии: